Жаңа Зеландияда дүниеге келіп, Мюнхенде (Германия) ғалым ретінде қалыптасқан театртанушы Кристофер Балмның «Театртану» еңбегі осы саланы академиялық университеттік пән ретінде оқытуға арналған. Автор әдіснама, зерттеу әдістері мен тәсілдері мәселелеріне назар аударады. Кітаптың кіріспесі және 3 бөлімі, 12 тарауы бар. Жалпы арнайы пән пайда болғанға дейін театртанудың негізгі бөлігін Еуропа драмасының «алтын ғасырын» және классикалық Грекия, Шекспир, Мольер немесе Веймар классицизмі драматургиясын зерттеумен айналысқан әдебиет зерттеушілері қарастырды.
Бұл оқулықта психологиялық антропология, этнопсихология, мәдениеттану, этнос экологиясы, дәстүртану тарихы баяндалады. Әлемнің этностық картинасы, оның құрылымы мен өзгеру механизмдері және функционалдық этносішілік конфликт, этностың өзін-өзі құрылымдауы теориялары орыс, армян, ағылшын, фин, түрік халықтарының тұрмысынан алынған тарихи очерктермен жан-жақты дәйектеліп беріледі.
Джон Бейлис, Патриция Оуэнс және Стив Смит жетекшілігімен құрастырылған халықаралық қатынастар пәніне ең танымал кіріспе еңбекте саланың үздік мамандары жазған әлемдік саясаттағы басты теориялар мен жаһандық мәселелерге кеңінен шолу жасалады. «Әлемдік саясаттың жаһандануы: Халықаралық қатынастарға кіріспе» атты кітаптың 7-басылымы халықаралық қатынастар саласындағы ең соңғы оқиғаларды қамтитын феминизм, нәсіл, халықаралық ұйымдар және мемлекеттік емес ұйымдар секілді бірнеше жаңа тараудан тұрады және бұл саланың болашақтағы басты мәселелерін анықтайтын тақырыптармен таныстырады.
Соңғы жылдары білім беру ісін зерттеу жеке пән саласы ретінде қарқынды дамып келеді. Ұсынылып отырған еңбекте студенттерге жан-жақты қолдау көрсету мақсатында терең зерттеуді қажет ететін бірқатар жеке оқыту салалары жөнінде кеңінен баяндалған. Авторлар білім берудің түрлі аспектілері мен оған қатысы бар әлеуметтік және саяси құрылымдарды, ұлттық оқу бағдарламаларының жасақталуына әсер ететін әлеуметтік өзгерістерді, экономикалық қысымдар мен саяси факторларды талдай отырып, білім беруді қаржыландыру, оның құрылымының кеңеюі мен өзгеруі жөніндегі мәселелерді де тілге тиек етеді.
Телевизия, радио және жаңа медиаға мәтін жазу» – сценарий жазу шеберлігімен таныстыратын пайдалы еңбек. Оқулықтың осы басылымында телевизия мен радиодан бөлек жаңа медиа да қамтылған. Кітап қарапайым тілмен жазылған. Оқырман камераның ракурсы, пландардың қойылуы, композициялық шешім, кейіпкер, монтаж, дыбысты ойнату сынды тек практикада ұшырасатын дүниелердің алғышарттарымен танысады. Телевизия мен радиоға жазылған сценарийдің айырмашылығын, онлайн медиа мен әлеуметтік медиаға мәтін жазудың тәртібін түсінеді