4 Маусым. Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздер күні

«Біз тәуелсіздікке аңсап, за­ры­ғып жеттік. Енді сол тәуелсіздіктің қасиетті рәміздерін де ерекше қадірлеуіміз, қастерлеуіміз керек. Әрбір азамат Қазақстанның Туын, Елтаңбасын, Әнұранын тұмардай қасиет тұтуы қажет. Елдігіміздің сыналатын бір тұсы – осы», деген еді Елбасы мемлекеттік рәміздерге қатысты сөйлеген сөзінде. Мемлекет басшысының осы сөздерін қазақстандықтардың барлығы жүрек түкпірінде сақтап, әркез жадында ұстағаны жөн. Өйткені рәміздер елдің өзіндік өмір салтын, болмыс-бітім ерекшелігін, өзгелермен байланыс орнату мұратын білдіретін айрықша белгі болып табылады.

Мемлекеттік рәміздерсіз тәуелсіз ел болмайды. Қазақстан да өз егемендігін жария­лаған кезде оны ең алдымен тәуелсіз елдің саяси мәртебесін білдіретін Тәуелсіздік декларациясын қабылдау арқылы бекітті. Содан кейін күн тәртібінде мемлекеттік рәміздерді қабылдау мәселесі тұрды. Еліміз­дің тұңғыш рәміздері – Ту мен Елтаңба тәуелсіздігіміздің жариялануының дәл 130-шы күні, яғни 1992 жылдың 4 маусымында қабылданды. Ал Әнұран мәтіні сол жылдың 11 желтоқсанында бекітілгенінен оқырман қауым хабардар болса керек.

Тәуелсіздігін енді жариялаған еліміз үшін мемлекеттік рәміз­дер­ді қабылдау расында да жеңіл бола қойған жоқ. Тиісті мемле­кеттік органдар мен мекемелер аса жауапты істі жан-жақты ізде­ніс­пен, мұқият дайындықпен қолға алды. Алдымен 1992 жыл­дың басында Жоғарғы Кеңестің төрал­қасы мемлекеттік символи­каны дайындау бойынша жұмыс тобын құру туралы қаулы қабыл­дады. Осы құжатқа сәйкес арнайы шығармашылық комиссия құрылды. Оның құрамына бел­гілі заңгерлер мен қоғам қайрат­керлері кірді.

Көп кешікпей Елтаңба, Ту және Әнұран жобаларын жасауға конкурс жарияланды. Оған қатысушылар алдына күрделі әрі жауапты міндеттер қойылды. Мемлекеттік рәміздер, әсіресе тарихи, саяси және экономикалық символизмге сәйкес келуі тиіс болды. Ал рәміздер жобаларын жасау конкурсында 600-ден астам адам қатысқан екен. Мемлекеттік ту эскиздері бейнеленген шығармашылық еңбектері бар түскен өтінім 1200-ді құраған. Сондай-ақ конкурсқа болашақ Елтаңбаның 245 сурет жобасы мен 67 суреттемесі және Әнұранның 750 нұсқасы ұсынылыпты.

Мемлекеттік рәміздерді қабылдауда Елбасының рөлі ерекше болғанын атап өтуіміз керек. Әнұран мәтініне жекелеген түзетулер енгізді. Термин сөздердің қазақ тілінде пайдалануына баса назар аудар­ды. Соның нәтижесінде «елтаңба», «әнұран», «рәміз» сөздері бүгінде кеңінен қолданылып жүр… Содан бергі кезеңде Қазақстанның мемлекеттік туы олимпиадалар мен түрлі халықаралық спорт жарыстарында талай мәрте желбіреді, Әнұранымыз да талай мәрте ойналды. Аспанкөк Туымыз ғаламшардың ең биік шыңдарына да, Арктика мен Антарктидаға да, тіпті ғарышқа да тігілді.

Мемлекеттік рәміздер – ел дамуының ажырамас бөлігі. Сондықтан қазақстандықтардың осы рәміздерге деген құрметі, оларды бойтұмардай қастерлеуі ерекше сезіліп тұруы тиіс. Рәміздер арқылы елімізді бүкіл әлем таниды. Өйткені онда қазақ халқының бастан өткізген тарихы, мәдениеті мен дәстүрі көрініс береді.       Рәміздер балабақшаларда да, мектептерде де, жоғары оқу орындарында да, мемлекеттік мекемелердің ғимараттарында да көрнекті орындарға орналастырылған. Балабақша бүлдіршіндері оң қолының алақанын жүрек тұсына қойып «Менің Қазақстанымды» шырқағанда ерекше бір сезімге бөленетінің, жігерленіп қанаттанатының рас. Бұл ел болашағы – жастардың өз Отанын, өз жерін, өз елін қорғауға деген сезімін оятып, сенімін нығайтатыны анық. Балабақша тәрбиеленушілері мен мектеп оқушылары еліміздің Әнұраны мәтінін ата-аналарынан да жақсы біледі десек, дұрыс айтқан болар едік.

Жасыратыны жоқ, кейде мемлекеттік рәміздерді құрметтемеу сияқты келеңсіз жайлардың орын алатыны бар. Бір жақсысы, ондай оқиғаларды ұлтжанды азаматтарымыз дер кезінде байқап, оған тиісті мекемелердің назарын аудартты. Әлгілерге заңнамаға сәйкес шара қолданылды.

Тарихта мемлекеттік рәміздерге байланысты әртүрлі деректер де кездеседі. Әлем елдерінің туларында ең көп кездесетін рең – қызыл түс екен. Осы түс барлық мемлекет туларының үштен екісінде бар. Одан кейінгісі ақ, көк, сары және қара түсті тулар. Ал төрт өлең жолынан тұратын ең қысқа әнұран мәтіні Жапония мен Иордания елдеріне тиесілі көрінеді. Сондай-ақ 158 өлең жолынан тұратын ең ұзақ әнұран мәтіні Грекия елінің әнұраны. «Бостандық әнұраны» деп аталатын оның мәтінін 1823 жылы грек ақыны Диониенос Соломос жазған.

Оқу ордамыздың Ақпараттық білім беру орталығында ұйымдастырылған іс-шараның негізгі мақсаты мен бағыты – кітапхана қорындағы әдебиеттерді және басқа-да электронды ақпарат ресурстарды пайдалана отырып, жастардың отансүйгіштік сезімін ояту, патриотизмге үндеу, батылдыққа пен шыңшылдыққа тәрбиелеу.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *